Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк 20 000 теңгелік банкнотаны келесі жылы айналымға шығарады

Ұлттық банк 20 000 теңгелік банкнотаны келесі жылы айналымға шығарады
Қазақстанда ұлттық валюта купюралары толық жаңартылып жатыр, ал 20 000 теңгелік банкнота келесі жылы айналымға енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жаңартылған банкноттардың ішінде тек 20 теңгелік купюра ғана айналымға толық шықпаған.

– Иә тек жаңа 20 000 теңгелік купюра әлі шыққан жоқ. Яғни ол бізде бар, дизайнын да көрсеткенбіз. Бірақ банкноттарды өндіру, банктерді дайындау, банкомат желілерін бейімдеу сияқты үдерістер уақыт алады. Сондықтан 20 мың теңге кейінірек пайда болады. Ал қалған банкноттардың барлығы қазірдің өзінде шығарылып, айналымда жүр, - деді ол.
Сондай-ақ ескі сериядағы купюралар кезең-кезеңімен айналымнан шығарылып жатыр.

– Біз купюралардың бүкіл қатарын жаңартып жатқандықтан, ескі серия біртіндеп айналымнан шығарылады. Мысалы, 10 000 теңгенің қолданылуын банктер мен халықтың өтініші бойынша бір жылға ұзарттық. Қазір олар жаңа купюралармен қатар жүр. Бұл – қалыпты үдеріс, - деді Тимур Сүлейменов.
Оның сөзінше, қалған купюралар бойынша мұндай ұзарту қарастырылмаған. Келесі жылы 20 000 теңгелік банкнота айналымға шыққаннан кейін, жаңартылған купюралар қатары толық қалыптасады.

Ұқсас материалдар