Бізге жазылыңыз:

Қызылордада Сырдария арқылы өтетін жаңа көпір салынады

Қызылордада Сырдария арқылы өтетін жаңа көпір салынады

Қызылордада қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы жаңа көпірдің құрылысы қала инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындардың қозғалысын жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті.

«Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір капсуласын салу жаңа нысан құрылысына ғана емес, аймақ дамуының жаңа белесіне бастау болмақ», – деді Мұрат Ергешбаев.

Жоба бойынша көпірдің ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады. Құрылыс жұмыстарын тәжірибесі мол «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді.

Жаңа нысан қаланың жол-көлік желісін дамытуға арналған биылғы жобалардың қатарында. 2026 жылы Қызылордада жалпы құны 30 млрд теңге болатын 22 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Олардың қатарында «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпір құрылысы да бар. Нысанның құрылысы аяқталып, көлік қатынасы толық реттелген. Сонымен бірге Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді.

Қаланың шет аймақтарындағы инфрақұрылымға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көше жөнделіп жатыр.

Сырдария жағалауында қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар өзен бойында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарын салу жоспарланған. Бұл жобалар жағалауды су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындарға арналған жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді.

Ұқсас материалдар