Қыркүйек қорытындысы бойынша Қазақстанда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 4,6%-ға нығайып, бір доллар үшін 440,49 теңгені құрады.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюталық сауданың орташа күндік көлемі тамыздағы $415 млн-нан $474 млн-ға дейін өсті. Бір айдағы жалпы сауда көлемі $10,4 млрд болды.
Қыркүйекте Ұлттық қордан биржалық нарыққа $200 млн көлемінде валюта сатылды. Бұл жалпы сауда көлемінің 1,9%-ына немесе күніне орта есеппен шамамен $9,1 млн-ға тең.
Ұлттық банк қыркүйекте Ұлттық қор операцияларын зеркализациялау аясында $200–300 млн көлемінде операция бастауды жоспарлаған болатын. Алайда валюталық нарықтағы ұсыныстың артуына байланысты бұл операциялар кейінге қалдырылды. Оларды іске асыру мерзімі нарықтағы жағдайға қарай айқындалады.
Алтын сатып алу операцияларын зеркализациялау аясында қыркүйекте шамамен 374 млрд теңге стерилизацияланды. 2026 жылдың IV тоқсанында осы механизм шеңберінде шамамен 907 млрд теңгеге баламалы шетел валютасын сату жоспарланып отыр.
Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен жүргізілетін операцияларда және зеркализация тетігін іске асыру кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанатынын атап өтті. Қыркүйекте валюталық интервенциялар жүргізілген жоқ.
Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті қолдау мақсатында Ұлттық банк инвестициялық басқарушы ретінде биржалық сауда барысында $986 млн көлемінде шетел валютасын сатып алды. Бұл қыркүйектегі жалпы сауда көлемінің шамамен 9,4%-ын құрады.
Ұлттық банктің мәліметінше, алдағы кезеңде теңге бағамына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы ахуал және геосаяси жағдайдың өзгеруі әсер етеді.
Ұлттық банк икемді айырбас бағамы режимін сақтап, нарықтағы теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермеу және алтын-валюта резервтерін сақтау қағидатын ұстануды жалғастырады.





