Қостанайда аумағы 9 мың шаршы метрден асатын жаңа аквапарк келушілерге есігін айқара ашты. Кешен бір мезетте 500 адамға дейін қабылдай алады.
Қостанайда еліміздегі ең ірі жабық аквапарктің ашылуы өтті. Заманауи кешен тұрғындардың отбасымен бірге демалып, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жаңа нысандардың біріне айналмақ.
Аквапарктің жалпы аумағы бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайып, 9 мың шаршы метрден асты. Ал су айдынының көлемі үш еседен астам артып, 1 мың шаршы метрден жоғары болды.
Кешенде келушілерге арналған бес бассейн, жеті су сырғанағы, соның ішінде үлкен сырғанақ, балалар аймағы, толқынды бассейн, джакузи және фуд-корт қарастырылған. Нысан бір уақытта 500 адамға дейін қабылдай алады.
Аквапарктің ашылу салтанатына қатысқан Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі спорттық және қоғамдық инфрақұрылымның дамуына тоқталды.
«Аймағымызда спорттық және қоғамдық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Соңғы 3 жылда 30-дан астам спорт нысаны ашылды. Қостанайда Үстел теннисі орталығының және Триатлон-парктегі көпфункционалды стадионның құрылысы аяқталуға жақын. «Астана» шағын ауданында Спорт сарайы, «Береке» шағын ауданында және Триатлон-парк маңында 2 фитнес-орталық салынады. Жекпе-жек сарайы мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарланған», – деді аймақ басшысы.
Қалада абаттандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. 2022 жылдан бері 21 мыңнан астам ағаш отырғызылып, жыл сайын 1 млн-нан астам гүл егіледі. Өткен жылы Қостанайда бес саябақ пен сквер пайдалануға берілген.
Сонымен қатар қала маңында экопарк құрылып жатыр. «Береке» шағын ауданында жаңа саябақ салу жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада көркемсурет галереясы, жаңа сауда-ойын-сауық және қонақүй кешендері бой көтермек.
Өңір басшысы жаңа инфрақұрылымның басты мақсаты тұрғындарға қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.
«Мұндай орындар көбірек болуы керек. Мұның барлығы тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсат – жастардың Қостанайда қалып, еңбек етіп, отбасын құрып, болашағын осы жерде көруіне жағдай жасау», – деді Қостанай облысының әкімі.





