ЖАҢАЛЫҚТАР
Күніне бір ғана чек: Қаржы министрі салықтан жалтарған кәсіпкерлер туралы

Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – жасанды интеллект құралдарын пайдаланатын Smart Data Finance жүйесі. Мұнда азаматтар мен бизнестің деректер ауқымы талданады, салық төлеуден жалтару схемалары анықталып, салық төлеушінің цифрлық профилі қалыптасады. Бүгінгі күні бұл жүйеге 74 дереккөз қосылған, жыл соңына дейін тағы 30 интеграция қосу жоспарланып отыр.
– Қазір шағын және орта бизнес секторында салықтарды барынша азайту және төлеуден жалтару схемалары әлі де өзекті болып отыр. Мысалы, бір заңды мекенжай бойынша бірнеше компания тіркелген. Ақпараттарға сәйкес, тек 3 576 мекенжайдың өзінде 20 мыңға жуық компания тіркелген, ал олардың салық бойынша берешегі 60,4 млрд теңге. Олардың іс жүзіндегі қызметін анықтау үшін, салықтық тексеру жүріп жатыр, – деді М.Тәкиев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, бюджеттің түсіміне жататын салықтар сомасының төмендеуіне тікелей әсер ететін, жекелеген кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы да кездесіп отыр.
– Кәсіпкерлерден фискалдық чек талап ету бойынша азаматтардың мәдениетін көтеру керек, бұл бірінші кезекте олардың тұтынушылық құқықтарын қорғау болып саналады. 2024 жылы 402 мыңға жуық бақылау-кассалық машинасы немесе тіркелгендердің 39%-ы чек бермегені анықталды. Сонымен қатар 16 755 бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек берілмеген. Бір ай бойы күніне тек бір ғана чек шығарып келген немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды, – деді Қаржы министрі.
Тиісті жұмыстардың нәтижесінде 400 мың кассаның ішінен биыл 70 мың кәсіпкер чек бере бастады. Осылайша, жоғарыда көрсетілген цифрлық шешімдерді енгізу, аталған фактілерді жедел анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік береді.