Президент инновациялық саясатты жүргізу құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілгенін, «Индустриялық PhD» мамандарын даярлау бағдарламасы іске қосылғанын, іргелі зерттеулерді тұрақты қаржыландыру тетігі енгізілгенін, сондай-ақ жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі заң жүзінде бекітілгенін алға тартты.
— Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті институттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орындалуға тиіс міндеті еді. Бірақ ештен кеш жақсы. Стратегиялық мақсатымыз — ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу. Бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет. Яғни, ғылым — жалпыхалықтық іс. Мәселені осылай төтесінен қоюмыз керек. Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге құрылған және бизнеспен серіктестікті дамытуды көздейтін тиімді моделін жасақтауы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





