ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қазсушардың» техника паркі 31%-ға жаңартылды
Қазіргі таңда жаңа құрал-жабдықтар мен автокөліктер кәсіпорынның барлық арнайы техникасының шамамен 31%-ын құрайды. Бүгінде ел бойынша «Қазсушар» РМК филиалдары 524 жаңа арнайы техника алды. Олар қазірдің өзінде гидротехникалық құрылысжайларды механикалық тазарту және жөндеу жұмыстарына пайдаланыла бастады. Жалпы кәсіпорынға 757 автокөлік пен құрал-жабдық беру жоспарланған. Министрлік ұсынған техникалар қатарында экскаваторлар, тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, самосвалдар, тартқыш көліктер, автокрандар, жанармай тасымалдағыштар, қосалқы құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар. Арнайы техника паркін ауқымды жаңартуға дейін кәсіпорында 1 665 автокөлік пен құрал-жабдық болған.
— Жаңа арнайы техника құрылыс-монтаж және жұмыстарын жылдам әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ су тасқынына қарсы күресті де жақсартады. Министрлік берген техника қазірдің өзінде тікелей мақсатына сай пайдаланылып, гидротехникалық нысандардың сенімділігін және ирригациялық каналдардың өткізу мүмкіндігін арттырып отыр, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.