Қазақстанда көмірді терең өңдеу бағытындағы жобаларды дамыту ел экономикасына миллиардтаған долларлық қосымша құн әкелуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстан көмір өнеркәсібінің VII форумында мәлімдеді.
Оның айтуынша, көмір-химия саласын дамыту шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшуге мүмкіндік береді. Көмірді терең өңдеу нәтижесінде алынатын өнімдердің нарықтық құны бастапқы шикізат бағасынан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.
Вице-министр көмір-химиядағы негізгі перспективалы бағыттардың бірі ретінде синтез-газ өндірісін атады. Бұл өнім аммиак, карбамид, метанол, олефиндер, синтетикалық отын, кокс-химия өнімдері және заманауи химиялық материалдар өндіру үшін негізгі шикізат саналады.
— Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы көмір-химия саласының даму әлеуеті 25 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін, — деді Санжар Жаркешов.
Оның пікірінше, көмірді терең өңдеу саласын дамыту өнеркәсіптік әртараптандыруды жеделдетіп қана қоймай, экспорт құрылымын өзгертуге және жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік береді.





