Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның барлық өңірінде «Дала дәмі» жәрмеңкелері басталады

Қазақстанның барлық өңірінде «Дала дәмі» жәрмеңкелері басталады

19 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық өңірінде Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Іс-шаралар әр демалыс сайын ұйымдастырылып, отандық өндірушілер мен тұтынушыларды тікелей байланыстыратын бірыңғай форматқа көшеді.

Алғашқы жәрмеңкелер 19–20 қыркүйекте өтеді. Осы күндері еліміздің өңірлерінде 2 мың тоннадан астам қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімі сатылымға шығарылады.

Астанада жобаға еліміздің әр өңірінен келген фермерлер қатысып, өз өнімдерін апта сайын ұсынады. Елорда мен Алматыда жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері екі күн өтсе, басқа өңірлерде сауда сенбі күні ұйымдастырылады.

Сөрелерден көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар мен басқа да маусымдық тауарларды тікелей өндірушілерден сатып алуға болады.

Жергілікті фермерлерге сауда орындары тегін беріледі. Бұл өндірушілерге өнімін делдалсыз өткізуге, ал тұрғындарға маусымдық тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Биыл барлық жәрмеңке бірыңғай тұжырымдама бойынша ұйымдастырылады. Сауда арнайы жабдықталған сөрелерде жүргізіліп, көліктерден, жүк машиналары мен тіркемелерден өнім сатуға жол берілмейді. Алаңдар «Дала дәмі» жобасының бірыңғай стилінде безендіріліп, ұлттық нақыштағы элементтермен толықтырылады.

Жәрмеңкелерде өнімдердің дәмін тату, балаларға арналған ойын-сауық және басқа да отбасылық іс-шаралар өткізіледі. Осылайша жоба тек сауда алаңы емес, демалыс күндері тұрғындар уақыт өткізетін қоғамдық кеңістік ретінде де ұйымдастырылады.

«Дала дәмі» жәрмеңкелері 2026 жылғы 19 қыркүйектен бастап әр демалыс сайын өткізіледі.

Ұқсас материалдар