Химия және мұнай-химия өнеркәсібі Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарын (АЭА) дамытудың басым бағыттарының біріне айналды. Бұл саладағы өндірістік жобалар «Павлодар», «Jibek Joly», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» және «Астана-Технополис» АЭА аумақтарында іске асырылуда.
Кәсіпорындар металлургия, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және су тазарту салаларына арналған өнімдер шығарады. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтарда негізгі химиялық компоненттермен қатар, парфюмерияны қоса алғанда, дайын тұтыну тауарларының өндірісі де дамып келеді.
QazIndustry-дің арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясы осы бағытта жұмыс істеп тұрған және іске қосылуға дайындалып жатқан бірқатар негізгі жобаны атап өтті.
«Каустик»: негізгі химиялық өнімдердің отандық өндірісі
«Павлодар» АЭА-ның алғашқы резиденттерінің бірі — Қазақстандағы хлор-сілті өнімдерін өндіруші жетекші кәсіпорындардың бірі «Каустик» АҚ. Кәсіпорын бұрынғы Павлодар химия зауытының алаңында құрылған. Тауарлық өнім шығару 2011 жылы басталды.
Зауыт мембраналық электролиз әдісімен хлор мен каустикалық сода, сондай-ақ натрий гипохлоритін, синтетикалық және ингибирленген тұз қышқылын өндіреді. Негізгі шикізат ретінде Павлодар облысындағы көлдерден өндірілетін ас тұзы пайдаланылады.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты — 98,5 мың тонна. Оның ішінде зауыт 30 мың тонна каустикалық сода, 26 мың тонна хлор, шамамен 7 мың тонна натрий гипохлориті және 45 мың тонна тұз қышқылын шығаруға қауқарлы.
Жұмыс істеген уақыт ішінде кәсіпорын 135,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 500 жұмыс орнын құрды.
Өнім металлургия, энергетика, тау-кен, мұнай өңдеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде, сондай-ақ суды тазарту кезінде қолданылады. Ірі тұтынушылар қатарында «Қазақстан алюминийі» және отандық мұнай өңдеу зауыттары бар.
Өндірістің іске қосылуы Қазақстанның негізгі химиялық компоненттер импортына тәуелділігін азайтып, ішкі кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«УПНК-ПВ»: мұнай-химия мен алюминий өнеркәсібінің байланысы
«Павлодар» АЭА аумағындағы тағы бір ірі жоба — Орталық Азиядағы күйдірілген мұнай коксын өндіретін ең ірі кәсіпорын саналатын «УПНК-ПВ» ЖШС.
Зауыт 2015 жылы пайдалануға берілді. Жобаға 22,9 млрд теңге инвестиция салынды, ал өндірістік қуаты жылына 205 мың тонна өнімді құрайды.
Негізгі шикізат ретінде Павлодар мұнай-химия зауытының мұнай коксы пайдаланылады. Сонымен қатар импорттық шикізат та қолданылады. Дайын өнім Қазақстан электролиз зауытының анод өндірісіне жеткізіледі, сондай-ақ ТМД елдеріне, Қытайға және басқа мемлекеттерге экспортталады.
Кәсіпорын жұмыс істеген кезеңде 209,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 400 жұмыс орнын ашты.
Осылайша, жоба өңірдегі мұнай-химия өндірісі мен түсті металлургияны біртұтас өндірістік тізбекке біріктіріп, отандық алюминий өндірісін қажетті шикізатпен қамтамасыз етті.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі — өндірісте пайда болатын газдардың жылуын пайдалану. Мұнай коксын қыздыру кезінде бөлінетін газдардың жылуы электр энергиясына айналдырылады. Соның арқасында зауыт электр энергиясына деген ішкі қажеттілігін өзі қамтамасыз етіп, артылған көлемін нарыққа сатады.
«Аромат»: қазақстандық парфюмерия экспортқа шығуда
АЭА аумағындағы химиялық кластер тек өнеркәсіптік шикізат өндірумен шектелмейді. Мұнда дайын тұтыну тауарларының өндірісі де жолға қойылған. Соның бірі — хош иіс әзірлеуден бастап дайын өнімді құтыға құюға дейінгі толық циклді жүзеге асыратын Орталық Азиядағы жалғыз парфюмерия фабрикасы саналатын «Аромат» ЖШС.
Кәсіпорын 2020 жылы АЭА резиденті атанып, Астанадағы «Астана — Жаңа қала» АЭА-ның №1 индустриялық паркінде жұмыс істейді.
Аумағы 7 мың шаршы метрден асатын өндіріс кешенінде роботтандырылған құю желілері бар цехтар, қоймалар және жеке зертхана орналасқан. Хош иістердің формулалары Францияның Грасс қаласындағы парфюмерлермен бірлесіп әзірленеді.
2022 жылы өндіріс кеңейтілгеннен кейін фабриканың қуаты жылына 2 млн-нан 5 млн құтыға дейін өсті. Ең жоғары жүктеме кезінде кәсіпорын жылына 7 млн дана өнім шығаруға қабілетті. Жылдық айналымы 5 млрд теңгеден асады, ал жұмыс істеген кезеңдегі өндірілген өнім көлемі 12,6 млрд теңгеге жетті. Фабрикада 100-ден астам адам еңбек етеді.
Өнімнің шамамен 95%-ы экспортқа шығарылады. Негізгі нарықтар — Ресей және ЕАЭО-ның басқа елдері. Беларуське жеткізілімдер басталды, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстан нарықтарына шығу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Компанияның ТМД елдеріндегі дилерлік желісі 650-ден астам фирмалық дүкен мен сауда нүктесін қамтиды. Алдағы уақытта кәсіпорын Астанада күтім және сәндік косметика өндіретін, экспортқа бағдарланған екінші зауыт салуды жоспарлап отыр.
Жамбыл облысында сутегі асқын тотығын өндіретін зауыт іске қосылуға дайындалуда
Химия өнеркәсібіндегі жаңа жобалардың бірі «Jibek Joly» АЭА аумағында жүзеге асырылып жатыр. «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС Қазақстандағы сутегі асқын тотығын өндіретін алғашқы зауыттың құрылысын аяқтауға жақын. Жобаның құны 30 млрд теңгеге бағаланады.
Болашақ кәсіпорын жылына 30 мың тонна 60 пайыздық сутегі асқын тотығын өндіреді. Сонымен қатар жоба аясында күкірт қышқылын шығару да қарастырылған.
Өндіріс палладий катализаторы қолданылатын антрахинон әдісіне негізделген. Негізгі технологиялық жабдықтар орнатылып, қазір кәсіпорын іске қосу-баптау жұмыстарына дайындалуда.
Зауытты 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Кәсіпорында 40 жұмыс орны ашылады.
Сутегі асқын тотығы химия, целлюлоза-қағаз және тоқыма өнеркәсібінде, сондай-ақ өнеркәсіптік тазарту мен су дайындау процестерінде қолданылады. Қазіргі уақытта Қазақстан бұл өнімді негізінен импорттайды. Сондықтан отандық өндірістің іске қосылуы шетелдік жеткізілімдерді алмастырып, экспорттық мүмкіндіктерді қалыптастыруға жол ашады.
АЭА — өндірістік тізбектерді дамытудың негізі
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобалардың мысалы арнайы экономикалық аймақтардың өзара байланысты өндірістерді дамытуға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Павлодар облысында мұнай коксын өңдеуден бастап алюминий өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етуге дейінгі тізбек қалыптасқан. Астанада негізінен шетел нарықтарына жеткізілетін дайын парфюмерия өнімдері шығарылады. Ал Жамбыл облысында өнеркәсіп пен су тазарту салаларында сұранысқа ие химиялық реагент өндірісі іске қосылуға дайындалуда.
Осылайша, АЭА-лардың мамандануы жекелеген зауыттарды ғана емес, негізгі химиядан бастап қосылған құны жоғары дайын өнімге дейінгі тұтас салалық бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
QazIndustry мәліметінше, дайын инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шаралары АЭА резиденттеріне өндірісті жылдам іске қосуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге көмектеседі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағында жалпы инвестиция көлемі 11,5 трлн теңгені құрайтын 561 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін үйлестіруді бірыңғай үйлестіру орталығы болып табылатын QazIndustry жүзеге асырады.





