Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа іріктеу Алматыдағы EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Мұнда кандидаттар корей тілінен EPS-TOPIK емтиханын тапсырып, кәсіби дағдыларын бағалаудан және елге шығу алдындағы міндетті дайындықтан өтеді.
Кандидаттарды бағалау кезінде білімі, жұмыс тәжірибесі және кәсіби сертификаттарының болуы ескеріледі. Осы көрсеткіштерге қарай үміткерлерге балл беріледі.
Іріктеуге кімдер қатыса алады?
Кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар:
-
жасы 18-ден 39 жасқа дейін;
-
соттылығының болмауы;
-
Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынбауы және елден депортацияланбауы;
-
Қазақстаннан шығуға шектеулердің болмауы;
-
жарамды паспортының болуы;
-
медициналық тексеруден өту.
Іріктеуден сәтті өткен қазақстандықтар Алматыдағы EPS орталығында елге шығу алдындағы дайындықтан өтеді. Одан кейін жұмыс визасы рәсімделіп, қызметкер жұмыс орнына аттана алады.
EPS жүйесі бойынша Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, емтихан тапсыру және кандидаттың ресми тізімге енгізілуі автоматты түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Соңғы шешімді тіркелген кандидаттардың арасынан қызметкерді таңдайтын кореялық жұмыс беруші қабылдайды.
Тіркеудің басталу мерзімі мен құжаттарды тапсыру тәртібі туралы министрлік қосымша хабарлайды.





