Қазақстандағы 670-ке жуық өнеркәсіп кәсіпорны айналымды су жүйесіне көшеді
Қазақстанда 670-ке жуық өнеркәсіп кәсіпорны қайта немесе айналымды сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге дайындалып жатыр. Бұл талаптар жаңа Су кодексінде көзделген және өндірістегі судың тиімсіз шығынын азайтуға бағытталған.
Өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу өндіруші субъектілер бес жылдық көшу жоспарын әзірлеп, қолданыстағы су жүйелерін ең озық қолжетімді технологияларды пайдалана отырып жаңғыртуы қажет.
Талаптар орындалмаған жағдайда арнайы су пайдалану кезінде рұқсат етілген су көлемін қысқарту шаралары қарастырылған.
Өнеркәсіпке жыл сайын 25 млрд текше метрге дейін су жұмсалады
Қазақстанда жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су тұтынылады. Оның 20-25%-ы өнеркәсіп қажеттілігіне жұмсалады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 671 өнеркәсіп кәсіпорны қайта немесе айналымды сумен жабдықтауға көшуге дайындалып жатыр.
Олардың 191-і бойынша жоспар әзірленген, оның 91-і келісу кезеңінде. Тағы 278 жоспар әзірлену үстінде.
Жаңа талаптар 2027 жылдан бастап міндетті болады
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, келесі жылдан бастап мұндай жоспардың болуы арнайы су пайдалануға рұқсат алу кезінде міндетті талапқа айналады.
«Келесі жылдан бастап бұл құжаттар арнайы су пайдалануға рұқсат алу кезінде міндетті талапқа айналады. Бұл шара Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасында белгіленген нысаналы көрсеткіштерге сәйкес өнеркәсіпте суды қайта пайдалану үлесін 28 пайызға дейін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта министрлігіміз өндірістік мақсатта су алатын су пайдаланушылардың тізімін анықтады. Сонымен қатар әр кәсіпорын бойынша соңғы үш жылдағы статистикалық деректер қайта тексеріліп жатыр. Себебі суды қайта пайдалану фактілері кей жағдайда қате түрде айналымды сумен жабдықтау ретінде көрсетілген», – деді Талғат Момышев.
Жаңа талап өнеркәсіпте суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін арттыруға бағытталған. Бұл көрсеткіш Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасында белгіленген.
Министрлік өндірістік мақсатта су алатын су пайдаланушылардың тізімін анықтады. Қазір әр кәсіпорын бойынша соңғы үш жылдағы статистикалық деректер қайта тексеріліп жатыр.
Бұл тексеру кейбір жағдайларда суды қайта пайдалану фактілері айналымды сумен жабдықтау ретінде қате көрсетілуіне байланысты жүргізілуде.





