2026 жылғы қаңтар–шілде айларында Қазақстанда 5 061,1 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға көп.
Құрылыс жұмыстарының ең үлкен үлесі автомобиль жолдары, теміржолдар мен метро құрылысына тиесілі — 24,7%. Тұрғын емес ғимараттардың үлесі 21,4%, ал тұрғын үйлердің құрылысы 13,4% болды.
Жұмыстардың негізгі бөлігін жеке құрылыс ұйымдары орындаған. Олардың үлесі 90,1% болса, шетелдік компанияларға 9,2%, мемлекеттік ұйымдарға 0,7% тиесілі.
Өңірлер арасында құрылыс көлемінің ең жоғары өсімі Ұлытау облысында тіркелді — үш есеге артқан. Сонымен қатар Қызылордада өсім 34,9%, Павлодарда — 32%, Атырауда — 27,9%, Түркістанда — 25,7% болды.
Қаңтар–шілде айларында елде пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 12,3 млн шаршы метрді құрады.
Тұрғын үй құрылысы да өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 9,75 млн шаршы метрге жетіп, бір жыл ішінде 3,9%-ға артты. Оның 6,55 млн шаршы метрі көппәтерлі, 3,16 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі.
Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша да бірқатар нысан іске қосылды. Жеті айда 18 090 оқушыға арналған 32 мектеп, 4 207 орындық 32 мектепке дейінгі ұйым және ауысымына 198 адам қабылдайтын 6 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауруханаларда 120 жаңа төсек-орын іске қосылды.





