Қазақстанда міндетті автосақтандыруды есептеудің жаңа ережелері әзірленіп жатыр. Енді сақтандыру полисінің түпкілікті бағасы өзгеріп, соның салдарынан кейбір жүргізушілер үшін ол қымбаттауы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру сыйақысын есептеу тәртібіне өзгерістер әзірледі.
Егер ұсынылған өзгерістер қабылданса, сақтандыру компаниялары полис бағасын 10% шегінде төмендетуге немесе керісінше арттыруға құқылы болады. Бұл ретте баға жүргізушінің тәуекел деңгейін жеке бағалау негізінде қалыптасады.
Сонымен қатар, сақтандырудағы жеңілдіктер жүйесі – «бонус-малус»қайта қаралмақ. Енді жол-көлік оқиғаларын жасамайтын жүргізушілер үшін ең жоғары жеңілдік 50%-дан 30%-ға дейін төмендейді. Осыған байланысты тәртіпті жүргізушілер де бұрынғыға қарағанда көбірек төлеуі ықтимал.
Басқаша айтқанда, сақтандыру бағасы енді нақты жүргізушінің өзіне, оның тарихына және тәуекелді бағалауда маңызды деп саналатын басқа да факторларға көбірек байланысты болуы мүмкін.
Тағы бір өзгеріс түзету коэффициенттеріне қатысты. Оларды есептеу әдістемесін статистикаға сүйене отырып жаңарту жоспарланып отыр. Бұл тікелей бағаға әсер етеді: коэффициенттер сақтандыру құнын әрі төмендетуі, әрі арттыруы мүмкін.
Жобаның мәтіні әзірге «Ашық НҚА» порталында толық жарияланбаған. Сол себепті қандай сыныптар өзгеретіні, қандай деректер есепке алынатыны және нәтижесінде кімнің көбірек төлейтіні әлі нақты емес.





