Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда 580 мың гектардан астам алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады

Қазақстанда 580 мың гектардан астам алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады
Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру тетіктерін әзірледі.

Министрлік фермерлерге су үнемдеу технологияларын сатып алу мен орнатуға, сондай-ақ инфрақұрылым тарту кезінде ұңғыма бұрғылауға жұмсалған шығындардың өтемақысын 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар тариф құнына қарай суару суына сараланған субсидиялар енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін өседі, ал қолданбаған жағдайда – тарифке байланысты 50–75%-дан 30–55%-ға дейін төмендейді.

Сондай-ақ лазерлік тегістеуші сатып алуға берілетін субсидия егіс алқабы кемінде 200 гектар болатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап алынып тасталды. Лазерлік тегістеу суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді және қуаңшылыққа бейім өңірлер үшін өзекті. Бұл технология еліміздегі күріш алқаптарында белсенді қолданылады.

2024 жылы су үнемдеу технологиялары 158 мың гектар жерге енгізілді, оның шамамен 130 мың гектары – оңтүстік өңірлер үлесінде. Жалпы су үнемдеу технологиялары қолданылған жер көлемі 470,2 мың гектарға жеткен. Биылдың басынан бері бұл көрсеткіш 580 мың гектардан асты.

«Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларына көшудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Климаттың өзгеруі жағдайында бұл – елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет шара. Облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2030 жылға дейін егіс алқаптарында су үнемдеу жүйелерін енгізу жоспарын әзірлеп, бекіттік. Нәтижесінде 2030 жылдың соңына дейін жылына 2,2 млрд текше метр су үнемдеуді көздеп отырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ұқсас материалдар