Қазақстанда 1 млн гектардан астам аумақта орманды қалпына келтіру жоспарлануда
Қазақстанда орман-климаттық жобаларды дамытуға және көміртекті қаржыландыру арқылы инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар күшейтіледі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде First Carbon Group Ltd. өкілдерімен өткен кездесуде айтылды.
Қазақстанда орман-климаттық жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер қабылданған. Енді бұл бағытта халықаралық қаржы мен көміртек нарығының тетіктерін пайдалану көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Өңірлік экологиялық саммит аясында «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы бойынша қарарға қол қойылған. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда 1 044 500 гектар аумақта ормандарды қалпына келтіру және жасыл екпелер көлемін ұлғайту жоспарланған.
100 мың гектарға дейін орман отырғызу ұсынылды
Кездесу барысында First Carbon Group Ltd. компаниясы Қазақстанда 100 мың гектарға дейін орман екпелерін құру жөніндегі инвестициялық бастамасын таныстырды.
Жоба халықаралық инвестициялар мен көміртек нарығының құралдарын тартуға бағытталған. Мұндай жобалар орман алқаптарын ұлғайтумен қатар, көмірқышқыл газын сіңіру көлемін арттыруға және климаттық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.
Министрлік өкілдері бұл кездесуді орман-климаттық жобаларды әлеуетті инвесторларға таныстырудағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде бағалады.
Қазақстан алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, отандық және шетелдік инвестицияларды тартуды көздеп отыр.





