КТК жұмысындағы шектеулерге байланысты Қазақстан мұнай экспортының бір бөлігін Ақтау порты, Қытай және Атырау – Самара бағыты арқылы жөнелтті.
Қазақстан шілде айында Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы экспорттауға жоспарланған мұнай көлемінің бір бөлігін балама бағыттарға қайта бағыттады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Қосымша мұнай көлемдері Ақтау портына, Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры арқылы Қытайға, сондай-ақ Атырау – Самара бағытына жөнелтілді.
Энергетика министрлігі мұнай экспортын балама бағыттар арқылы одан әрі ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Олардың қатарында Әзербайжан арқылы өтетін Транскаспий бағыты, сондай-ақ Баку – Тбилиси – Джейхан және Баку – Супса мұнай құбырлары бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты арқылы жылына шамамен 1,2 млн тонна мұнай экспорттайды. Әзербайжан қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын.
Мұнай тасымалының балама бағыттарын пайдалану Қазақстанға экспорттық маршруттарды әртараптандыруға және КТК-ға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.





