Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр
Халықаралық энергетикалық конференция CERAWeek аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Мұнай нарығының жаһандық болжамы: негізгі факторлар мен геосаяси турбуленттік» сессиясына қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Талқылау барысында ведомство басшысы Қазақстанның мұнай саласының қазіргі жағдайын таныстырды. Елдің жаһандық нарықта сенімді энергия жеткізуші ретіндегі позициясын сақтау атап өтілді.

Министр саланың алдында тұрған негізгі мәселелерді атап көрсетті. Оларға энергетикалық қауіпсіздік, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері кіреді, ол арқылы Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі экспортталады.

Бұл маршруттың үздіксіз жұмыс істеуі ұлттық экономика үшін өте маңызды екені ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, Қазақстан экспорт бағыттарын әртараптандыру саясатын жүйелі түрде жүзеге асыруда, оның ішінде Қытай Халық Республикасына бағытталған маршруттарды дамыту да қарастырылған. Алайда КҚК экономикалық тиімділігі жоғары және басым тасымалдау арнасы болып қала береді. Шара барысында мұнай-газ саласындағы инвестициялық климатты жақсарту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Министр жаңа инвестицияларды геологиялық барлау және көмірсутектерді өндіру саласына тартуға арналған салықтық жеңілдіктерді қарастыратын Жақсартылған үлгілік келісімнің жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

— Сонымен қатар, мұнай-химия саласын дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар да көрсетілді. Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр, бұл тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық Азия өңірінде мұнай өнімдерін жеткізуші ретіндегі елдің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның CERAWeek конференциясына қатысуы — елдің халықаралық энергетикалық қауымдастықпен белсенді диалог жүргізуге және жаһандық сын-қатерлер мен геосаяси турбуленттік жағдайында теңдестірілген саясатты ілгерілетуге ұмтылысын растайды, — делінген хабарламада.

Ұқсас материалдар