Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы шарт ратификацияланды

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы шарт ратификацияланды
Мәжіліс «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды қабылдады. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, аталған шартқа екі елдің мемлекет басшылары 2024 жылы 24 тамызда қол қойған.

— Тәжікстан Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктес саналады. Екі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ-тәжік қатынастары жаңа деңгейге көтерілді. Биік және жоғары деңгейдегі байланыстар тұрақты сипатқа ие болып, Президенттердің өзара мемлекеттік сапарлары болды. Сонымен қатар парламентаралық байланыстар айтарлықтай жанданды. Жыл сайын үкіметаралық комиссия отырыстары өткізіледі. Өңірлер арасында да тікелей байланыстар жолға қойылған. Қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің негізгі тректерінің бірі — сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Қазақстан — Тәжікстан үшін ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіретін ел. 2021 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд доллардан асып келеді. Қазіргі уақытта елдің Үкіметтері бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізуді мақсат тұтып отыр, — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта екі ел арасында көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды іске асыру пысықталып жатыр.

— Одақтастық қатынастар туралы шарт Тәжікстанмен қол жеткізілген өзара іс-қимыл деңгейін құқықтық тұрғыда бекітіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту үшін берік саяси-құқықтық негіз қалыптастырады. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында шарт ережелерін іске асыру өңірлік тұрақтылықты да нығайтуға ықпал етеді. Елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастардың айқын дәлелі ретінде өткен жылы Тәжікстанның ХХІ ғасырда Орталық Азия дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы 5 жақты шартқа қол қоюын атап өтуге болады. Осылайша Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің басым бөлігімен одақтастық қатынастар орнатып отыр. Бұл Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттеріне сай келеді, — деді Ержан Ашықбаев.

Ұқсас материалдар