Мемлекет басшысының Корея Республикасына сапары аясында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Kyungdong Pharmaceutical компаниясының бас директоры Ким Кён Хун кездесті.
Кездесу қорытындысында Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мен Kyungdong Pharmaceutical арасында фармацевтика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін оқшаулау, технологиялар трансферін жүзеге асыру, келісімшарттық өндірісті дамыту және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін талқылады.
Министр Қазақстан фармацевтика өнеркәсібін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі ретінде ғана емес, инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарының бірі ретінде де дамытып жатқанын атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық нарығының көлемі шамамен $2,5 млрд болды. Фармацевтикалық өнім өндірісіне салынған инвестициялар $142,8 млн, ал экспорт көлемі $84 млн деңгейіне жетті.
Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда отандық өндіріс өнімдеріне ұзақ мерзімді кепілдендірілген сұранысты қамтамасыз ету тетіктері, ірі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары және өндірілген өнімді ЕАЭО мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің нарықтарына шығару мүмкіндіктері қарастырылған.
Фармацевтика саласындағы реттеуші ортаны жетілдіруге де ерекше назар аударылды. 2026 жылғы ақпанда Қазақстан ДДҰ ұлттық реттеу жүйесінің кемелдену деңгейінің 3-деңгейіне қол жеткізді. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші, ал ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде төртінші мемлекет атанды.
Алдағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарына келісімшарттық өндіріс, өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулау және бірлескен өндірістік кәсіпорын құру кіреді.
Қол қойылған меморандум Қазақстан мен Kyungdong Pharmaceutical арасындағы жалпы уағдаластықтарды нақты инвестициялық және өндірістік жобаларға айналдыруға бағытталған.





