Қазақстан мен Қытай қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуде. Бұл бағыттағы бірқатар маңызды мәселе Бейжіңде Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунның кездесуінде талқыланды.
7 қыркүйекте Ержан Саденов жұмыс сапарымен Қытайға барып, «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кездесуіне қатысты. Жиында өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа және басқа да заманауи қатерлерге қарсы күрес мәселелері қаралды.
«Қорғас» орталығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – екі ел үкіметтері арасында «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылуы.
Құжат екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, ықтимал қауіптерге жедел ден қоюға және орталық аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келісім «Қорғас» аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін қалыптастыру бойынша жүргізілген ұзақ мерзімді бірлескен жұмыстың нәтижесі болды.
Жүргізуші куәліктері өзара танылады
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау жөнінде де уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл шешім екі ел азаматтары үшін қажетті рәсімдерді жеңілдетіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сапарларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Қол жеткізілген келісімдер екі елдің қауіпсіздік саласындағы серіктестігін одан әрі нығайтып, ортақ қатерлерге бірлесіп ден қою мүмкіндіктерін кеңейтеді.





