Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ExxonMobil Upstream компаниясының президенті Дэн Амманмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар ExxonMobil компаниясының Қазақстандағы қызметінің қазіргі жай-күйін, мұнай-газ секторындағы бірлескен жобалардың орындалу барысын және стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.
Министр ExxonMobil-дың Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларына тұрақты қатысып келе жатқанын атап өтіп, компанияның саланы дамытуға және инвестиция тартуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ елдің энергетикалық секторын жаңғырту мен инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Кездесуде халықаралық энергетика нарығындағы қазіргі үрдістер, ұзақмерзімді инвестициялық жоспарлар және өндірістік жобалардың тиімділігін арттыру мәселелері де сөз болды. Тараптар қолданыстағы келісімдер мен міндеттемелерді сақтай отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екендерін растады.
Сонымен қатар, Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы позициясын нығайту, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыру және мұнай-газ саласындағы технологиялық серіктестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысында тараптар тұрақты диалогты жалғастырып, Қазақстанның мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін мәлімдеді.





