Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Ұлттық қордан толық бас тартпайды – Қаржы министрлігі

Қазақстан Ұлттық қордан толық бас тартпайды – Қаржы министрлігі
Қазақстан Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерден толық бас тартуды әзірге жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл республикалық бюджет кірісі айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша түсімдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 131,6 пайыз болды.

- Өткен жылы осы кезеңде республикалық бюджетке шамамен 3,1 трлн теңге түссе, биыл бұл көрсеткіш 4,076 трлн теңгеге жетті. Яғни шамамен 1 трлн теңгеге артық, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол бұл өсім өткен жылмен салыстырмалы көрсеткіш екенін, ал жалпы алғанда бюджет жоспары толық орындалғанын атап өтті.

- Қазіргі жылы жоспарлар ауқымды. Сондықтан қандай да бір қайта бөлу немесе механизмдерді өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Өздеріңіз білесіздер, биыл біз нысаналы трансферттерден бас тарттық. Қазір тек Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт сақталды, – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, алдағы уақытта салық базасы нығайған жағдайда Ұлттық қорға тәуелділікті біртіндеп азайту мүмкіндігі қарастырылады.

- Бізде бюджет тапшылығы бар. Сол тапшылықты жабу үшін түрлі қаржыландыру көздері пайдаланылады, – деп түйіндеді Ержар Біржанов.

Ұқсас материалдар