Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Каспий арқылы цифрлық дәліз құрудың негізгі кезеңін аяқтады

Қазақстан Каспий арқылы цифрлық дәліз құрудың негізгі кезеңін аяқтады

Қазақстанда Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісінің (ТОБЖ) құрылысының ең күрделі кезеңі аяқталды.

Ақтау – Сумгайыт бағыты бойынша тартылған суасты кабелі Қазақстан жағалауына сәтті жеткізілді. Жоба «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

Жаңа магистраль Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын біріктіріп, Азия мен Еуропа арасындағы жоғары жылдамдықты деректер дәлізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық байланыс сенімділігін арттырып, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.

Жобаның теңіздегі құрылыс жұмыстарының аяқталуымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және AzerTelecom International бас директоры Ана Накашидзе танысты.

Жоба 2025 жылы басталған. Инженерлік зерттеулерден кейін суасты кабелін төсеу жұмыстары 2026 жылдың шілдесінде басталып, тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы кемемен жүргізілді. Құрылысқа 70 маман қатысты.

«Жаңа маршрут Қазақстанның әлемдік деректерді беру желілерімен цифрлық байланысын күшейтіп, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және заманауи деректерді өңдеу орталықтарының дамуына негіз қалайды», – деді Жаслан Мәдиев.

Бағдат Мусиннің айтуынша, жоба халықаралық трафиктің тұрақтылығын арттырып, бизнеске әлемдік деңгейдегі цифрлық инфрақұрылымға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазір кабельді жағалаудағы инфрақұрылымға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Күзде жерүсті желісінің құрылысы аяқталып, іске қосу-баптау және толық тестілеу жұмыстары жүргізіледі.

Жобаны CaspiLink B.V. бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Құрылыс бюджет қаражатынсыз, операторлардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылуда.

Ұқсас материалдар