Бізге жазылыңыз:

Қазақстан экономикасын ауқымды цифрлық жаңғырту басталады

Қазақстан экономикасын ауқымды цифрлық жаңғырту басталады

Қазақстанда экономиканың нақты секторын кең ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары қолға алынды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүзеге асырып жатқан бастамалар еңбек өнімділігін арттыруға, бизнестің шығындарын азайтуға және отандық компаниялардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы аясында агроөнеркәсіп, құрылыс, қаржы, мұнай-газ саласы және шағын бизнес үшін жасанды интеллектке негізделген бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырылады. Жоба цифрлық егіздер, интеллектуалды платформалар және міндетті цифрлық есепке алу жүйелерін енгізуді көздейді.

Бағдарламаның негізгі жобаларының бірі – есептеу қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «Деректер орталықтарының алқабын» құру. Бұл алаңда ғылыми ұйымдар, технологиялық компаниялар мен дата-орталықтар бірігіп, жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеу бағытында жаңа шешімдер әзірлейді.

Сонымен қатар мемлекет робототехника, ұшқышсыз жүйелер, цифрлық активтер және ғарыш технологияларын дамытуға басымдық береді. Жоспар бойынша отандық IT-қызметтердің экспорты екі есеге өсіп, әлемдік нарыққа кемінде үш қазақстандық «unicorn» компаниясы шығуы тиіс.

Цифрлық өзгерістер мемлекеттік реттеу жүйесін де қамтиды. Кәсіпкерлікті бақылау процестері автоматтандырылып, интеллектуалды салықтық әкімшілендіру, цифрлық таңбалау, Бірыңғай ұлттық тауарлар каталогы және B2B электрондық құжат айналымы енгізіледі. Бұл шаралар көлеңкелі экономиканың үлесін төмендетуге бағытталған.

Жекелеген салалар бойынша арнайы жобалар іске асырылады:

  • «Цифрлық энергетика» – энергетика нысандарын цифрлық бақылау және тәуекелдерді басқару;

  • «Цифрлық өнеркәсіп және құрылыс» – BIM-технологиялары мен ЖИ-геоаналитиканы енгізу;

  • «Цифрлық көлік» – Smart Cargo және e-kolik жүйелерін дамыту;

  • «Цифрлық АӨК» – Smart-фермалар, e-АӨК платформасы және цифрлық субсидиялау;

  • ШОБ-ты цифрландыру – кәсіпорындардың цифрлық жетілуін бағалау және жасанды интеллект шешімдерін енгізу.

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – роботтандыру мен автономды көлік жүйелерін дамыту. Елде ұшқышсыз такси мен автономды жеткізу қызметтерін сынақтан өткізетін кемінде үш пилоттық аймақ құрылмақ.

Министрлік мәліметінше, бұл бастамалар Қазақстан экономикасының технологиялық деңгейін көтеріп, елдің жаһандық цифрлық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар