Қазақстанның нақты ЖІӨ-сі 2026 жылғы қаңтар–қазан айларында 4,5%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, экономиканың негізгі өсімін шикізаттық емес сектор қамтамасыз етті. Бұл саладағы өсім 5,6%-ды құрады.
Өнеркәсіп өндірісі 3,5%-ға артты. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қаңтар–қыркүйектегі 8,6%-дан он айдың қорытындысы бойынша 9,3%-ға дейін жеделдеді.
Өңдеу өнеркәсібінде ең жоғары өсім фармацевтика саласында тіркелді — 50,9%. Сондай-ақ дайын металл бұйымдарын өндіру 30,4%-ға, машина жасау 22,2%-ға, химия өнеркәсібі 21,9%-ға өсті.
Бұдан бөлек, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 18,1%-ға, азық-түлік өндірісі 13%-ға, құрылыс материалдарын шығару 5,4%-ға артты.
Экономиканың басқа салаларында да оң динамика байқалды. Құрылыс көлемі 13,1%-ға, көлік және қоймалау 7,5%-ға, сауда 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 5,2%-ға, байланыс саласы 4,9%-ға өсті.
Осылайша, экономикалық белсенділіктің артуына өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және басқа да шикізаттық емес салалар негізгі үлес қосты.





