Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен DEC40 (Global Digital Economy Cities Alliance) Smart Region/Smart City, жасанды интеллект, цифрлық экономика және өңірлердің инновациялық дамуы бағытында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
DEC40 – «ақылды қалалар» саласындағы үздік тәжірибелерді дамытуға бағытталған халықаралық ұйым. Альянс қалаларды, технологиялық компанияларды, ғылыми ұйымдарды және халықаралық серіктестерді біріктіріп, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырады.
Ынтымақтастық аясында Қазақстанда Smart City технологияларын енгізу, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық басқару жүйелерін дамыту, халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторларды тарту, сондай-ақ әлемдік тәжірибемен алмасу көзделген. Сонымен қатар қазақстандық мамандар халықаралық білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Алғашқы кезеңде Қазақстанның Smart Region және Smart City бағытындағы басым жобаларының тізімі әзірленіп, олар халықаралық технологиялық серіктестер мен инвесторларға таныстыру үшін DEC40 қауымдастығына ұсынылады.
Сондай-ақ биыл Астанада DEC40 мүшелері, өңірлердің өкілдері, халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторлардың қатысуымен Smart City тақырыбында халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара аясында өңірлік жобалар таныстырылып, B2G және B2B кездесулері ұйымдастырылады, сондай-ақ цифрлық шешімдерді қаржыландыру және енгізу мәселелері талқыланады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, бұл келісім өңірлерге халықаралық технологиялық желілерге, инвестициялық мүмкіндіктерге және озық тәжірибеге тікелей қол жеткізуге жол ашады.





