Бізге жазылыңыз:

Қазақстан арқылы өтетін ресейлік газ транзиті ұлғаяды

Қазақстан арқылы өтетін ресейлік газ транзиті ұлғаяды

"QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауовтың айтуынша, өткен жылы Қазақстан арқылы Өзбекстанға 5,6 млрд текше метр ресейлік газ тасымалданған. Биыл бұл көлемді 6 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

"Сонымен қатар, Түрікменстан мен Өзбекстаннан Қытайға жеткізілетін газдың транзиті 35,5 млрд текше метрге дейін ұлғайтылады. Ал 2026 жылдан бастап Ресей газын Қырғызстанға тасымалдау көлемі 600 млн текше метрден асады", - деді ол.

Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айында компания 3,9 млрд текше метр көгілдір отынды экспорттаған. Бұл жоспардан 28%-ға жоғары көрсеткіш. Ал ішкі нарыққа жеткізу көлемі 100% орындалып, 13,6 млрд текше метрді құраған.

Ә. Жамауов Қашаган кен орнында салынып жатқан газ өңдеу зауытының аяқталу мерзіміне де тоқталды.

"Жылына 1 млрд текше метр газ өндіретін бұл жоба стратегиялық тұрғыдан маңызды саналады. Оның іске асуы тауарлық газ, түйіршіктелген күкірт, кең көмірсутек фракциялары мен сұйытылған мұнай газының өндірісін ұлғайтуға жол ашады. Қондырғыларды жеткізу 2026 жылдың шілдесіне дейін аяқталып, құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айында басталады. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған", - деп нақтылады ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінде Қазақстан өзін газбен толық қамтамасыз етіп отыр, әсіресе жаз айларында.

"Дегенмен, қыс айларындағы қатты аяз кезінде аздаған газ импорттауға тура келеді. Қазіргі уақытта шетелдік инвесторлармен жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Келесі жылы барлау жұмыстарын бастау, жаңа ұңғымалар бұрғылау және ішкі нарыққа арналған газ қорын ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жаңа газ өңдеу зауыттары салынуда. Бұл шикі газды тазалап, тұтынушыларға жеткізуге мүмкіндік береді",- деді Жамауов.

Оның мәліметінше, биыл республикалық бюджет есебінен газдандырудың 45 жобасын жүзеге асыруға 65,9 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 31 нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" қоры 55 жобаны іске асыру үшін 46,5 млрд теңге қаржы бағыттаған.

Нәтижесінде, 2025 жылы аяқталатын жобалардың арқасында 29 елді мекендегі шамамен 292,7 мың адам көгілдір отынға қосылады деп күтілуде. Газдандыру деңгейі 63,8%-ға жетіп, 1,4%-ға өседі.

Сондай-ақ, Ә. Жамауовтың айтуынша, тауарлық газдың көтерме бағасын кезең-кезеңімен көтеруге қарамастан, Қазақстанда халық үшін газ тарифтері әлі де ең төмен деңгейде қалып отыр.

"Газ жеткізудің тұрақтылығын сақтау, инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін көтерме бағаны біртіндеп өзіндік құн деңгейіне дейін жеткізу қажет. Соңғы 33%-дық түзетуден кейін де ішкі нарықта жыл сайын шамамен 200 млрд теңге субсидия бөлінеді. Айта кетсек, соңғы жылдары газ бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар басқа тауарлармен салыстырғанда баяу жүрді. Соның нәтижесінде соңғы он жылда коммуналдық төлемдер құрылымындағы газдың үлесі 6,4%-дан 5,2%-ға дейін төмендеген",- деді Жамауов.

Соңғы 10 жылда компанияның жиынтық шығындары $2,8 млрд-қа жеткен.

Ұқсас материалдар