2026 жылы Қарағанды облысында клинкерлі плитка шығаратын жаңа зауыт іске қосылмақ. Бұл жоба елімізге сырттан келетін құрылыс материалдарының импортын азайтуға және жергілікті тұрғындар үшін 170 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бұл кәсіпорын Қазақстандағы ғимарат қасбеттеріне арналған клинкерлі плитка шығаратын тұңғыш өндіріс орны болмақ.
Зауыттың қуаттылығы жылына 1 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс ошағы өз өнімдерін ішкі нарыққа ұсынып қана қоймай, экспортқа шығаруды да көздеп отыр. Кәсіпорын экологиялық тұрғыдан тиімді табиғи газбен жұмыс істейді, ол үшін қажетті инфрақұрылым толық дайындалған.
Жобаның жалпы құны 27,2 млрд теңгені құрайды. Қаржыландырудың бір бөлігі, атап айтқанда 16,6 млрд теңгесі Қазақстанның Даму банкі арқылы 12 жылға 12,6%-бен несиеге берілсе, қалған 10,6 млрд теңгесі кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен жұмсалады. Қазіргі таңда зауыт аумағында өндірістік құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
Жобаны іске асырушы «Qazclinker» компаниясының құрылтайшылары – Дәулет Смағұлов және «Қонаев кірпіш зауытының» иесі Данияр Атагелдиев.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс барысын жеке тексеріп, жобаның аймақ экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.





