Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді инвестиция тарту саласындағы жұмыстың алдағы басымдықтарын айқындады.
Министр ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешевпен, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжекұловпен және ведомство мен компания басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесуде тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуетті инвесторлармен байланыс орнату, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны дамыту және халықаралық инвестициялық іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша инвесторлармен жұмыстың тиімділігін арттыруға, жобаларды іске асыруды жеделдетуге және капитал тартуда үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етуге басымдық берілді.
Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстанның инвестициялық саясатын бірізді жүзеге асыруға және елдің халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын одан әрі арттыруға бағытталады.





