Қазақстанда ішкі сауда нарығындағы өсім қарқыны бәсеңдеп келеді. Halyk Finance сарапшыларының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ішкі сауда көлемінің өсімі былтырғы 7,8%-дан 5,6%-ға дейін төмендеген.
Сауда саласы ел экономикасының шамамен 19%-ын құрайды және еңбекке жарамды халықтың 17%-ын жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан сектордағы баяулау тұтынушылық белсенділік пен іскерлік ахуалдың әлсірегенін көрсетеді.
Нарықтағы өзгерістердің негізгі себебі – көтерме және бөлшек саудадағы өсімнің тежелуі. Жалпы тауар айналымының үштен екісінен астамын құрайтын көтерме сауда небәрі 6,5%-ға өскен. Сарапшылар мұны мұнай өндіру мен экспорт көлемінің қысқаруымен және бизнестің инвестициялық белсенділігінің төмендеуімен байланыстырады.
Ал бөлшек сауда өсімі 3,6%-ға дейін баяулаған. Бұл халықтың сатып алу қабілетіне қысым күшейгенін аңғартады.
Сарапшылар тұтыну нарығына әсер етіп отырған төрт негізгі факторды атайды. Олар – банктердің несие табысына салынатын салықтың өсуіне байланысты тұтынушылық несиелеудің баяулауы, маусым айындағы 10,4% инфляция, бірінші тоқсанда нақты жалақының 2,3%-ға қысқаруы және ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі.
Осының салдарынан халықтың тұтыну әдеті де өзгерген. Қазір қазақстандықтар азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарларға басымдық беріп, ірі сатып алуларды кейінге қалдырып жатыр.
Статистика бұл үрдісті растайды: бес ай ішінде азық-түлік саудасы 10,7%-ға артса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсімі небәрі 0,7% болған. Бұл халық шығынының негізгі бөлігі ең қажетті тауарларға бағытталып жатқанын көрсетеді.





