ЖАҢАЛЫҚТАР
Halyk орманы: 4 миллион ағаш отырғызу үшін 1 млрд теңге инвестиция құйылды

«Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау — ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осылай деген еді.
«Halyk орманы» жобасы Мемлекет басшысы айқындаған міндеттермен үндесіп, «Тaza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасын жүзеге асыруға үлес қосады. Қор бастамасы — табиғатты аялау мен жауапкершілікке негізделген бағыттың жалғасы.
Жобаның мақсаты мен мәні
Басты міндет — экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлілік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау.
Кейінгі жылдардағы қайғылы оқиғаларды ескерсек, бұл жоба ерекше маңызға ие. Еске салсақ, 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» табиғи резерватында Қазақстан тарихындағы ең алапат орман өрті болды: 60 мың гектардан аса аумақ өртенді. Бұл жағдай орман алқаптарын қалпына келтіру мен экологиялық апаттардың алдын алу шараларын күшейтудің қаншалық маңызды екенін көрсетті.
Мемлекеттік қолдау
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Halyk орманы» жобасы туралы былай дейді:— Қоршаған ортаны қорғау — тек бір саланың міндеті емес. Бұл — мемлекеттің, бизнестің және қоғамның ортақ ісі. Біз қазір табиғатты сақтау жолында шешуші қадамдар жасауға тиіспіз. «Halyk орманы» — сондай игі бастамалардың бірі. Жоба тек өрттен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіріп қоймайды, сонымен қатар еліміздің жасыл қорын көбейтіп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Бұл бастама — елдің стратегиялық таңдауы. Орман отырғызу — ғасырлық іс, оның жемісін ұрпақ көреді.
Халықаралық контекст
Әлем бойынша көгалдандыру климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылады. Жаңа ормандар биоалуантүрлікті сақтап қана қоймай, Жердің «оттектік тепе-теңдігіне» де үлес қосады. «Halyk орманы» жобасын жүзеге асыра отырып, Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысқа сүбелі үлес қосады.
Қордың ұстанымы
«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, бұл қаржы тек ағаш отырғызуға ғана емес, сонымен қатар жасыл аймақтарды күтіп-баптауға және экологиялық білім беру жобаларына да жұмсалмақ.Біз үшін Қазақстанның табиғи байлығын сақтау аса маңызды. «Halyk орманы» — экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба — келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін, — деді ол.
Жүйелі жұмыс
«Halyk орманы» жобасы — қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы. 2025 жылғы көктемде GreenAct экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.
Бұған дейін қор GreenAct аясында мыңдаған қазақстандықты біріктірген экологиялық акциялар өткізген болатын. Іле-Алатау ұлттық паркінде Екінші дүниежүзілік соғыстың батырларына арнап 3 500 шырша, ал Алматының Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылды. Бұл шаралар экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын дәріптеудің маңызды қадамына айналды.
Үндеу
«Halyk» қоры волонтерлер мен табиғатқа бейжай қарамайтын барлық азаматты «Halyk орманы» жобасына қосылуға шақырады. Әрбір адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға жеке үлес қосуға мүмкіндік береді.