ЖАҢАЛЫҚТАР
Ғылымды қаржыландыру жүйесінде мемлекеттік бақылау күшейтіледі
Ғылым комитетіне ғылыми жобалардың заңға сәйкестігін бақылау құзіреті беріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты. — Ғылымды қаржыландыру жүйесінде жауапкершілік пен мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды қаржыландыру бойынша шешімдерді, қай жоба қанша қаражат алатынын, қай жоба қолдау табатынын, осының бәрін Ұлттық ғылыми кеңестер шешеді. Ал Ғылым комитеті қолданыстағы заңға сәйкес, осы шешімді тек бұлжытпай орындауы керек. Алайда, млрд-таған қаржыға қатысты уәкілетті органның нақты жауапкершілігі де, бақылау функциялары да толық айқындалмаған, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, осыған қатысты Жоғары аудиторлық палата да тиісті ұсыныстарын берген.
— Енді Ұлттық ғылыми кеңестер ғылыми жобалар бойынша шешім қабылдап, Ғылым комитетіне ұсынады. Ал уәкілетті орган оның заңға сәйкестігін бақылап, оны бекітеді. Мемлекеттің қаражаты бар жерде мемлекеттік жауапкершілік те болуы тиіс, — деді Асхат Аймағамбетов.