Қазақстанның әуе тасымалы нарығына Арменияның жаңа әуе тасымалдаушысы — FlyOne Armenia компаниясы кірді. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.
12 маусымнан бастап әуе компаниясы Ереван мен Алматы арасында тұрақты тікелей рейстерді орындай бастады. Рейстер аптасына екі рет — дүйсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады.
Министрліктің мәліметінше, жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстан мен Армения арасындағы әуе қатынасының қарқындылығын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде екі ел арасындағы тұрақты рейстер саны аптасына 3-тен 5-ке дейін көбейеді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа әуе қатынасы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ туристік және мәдени алмасуды дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан тарапы халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және шетелдік әуе тасымалдаушыларын тарту бойынша жұмысты жалғастырып келеді.





