Бізге жазылыңыз:

Энергетикалық секторда жаңғыртудың ұлттық жобасына қанша инвестиция керек

Энергетикалық секторда жаңғыртудың ұлттық жобасына қанша инвестиция керек
Бұл туралы елордада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын талқылау кезінде Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.- Қазір энергетика және коммуналдық инфрақұрылым миллиондаған адамдардың өмірін қамтамасыз ететін экономиканың негізгі салалары ғана емес, бұл өңірлердің тұрақты дамуы, экологиялық қауіпсіздік, технологиялық тәуелсіздік және сайып келгенде, еліміздің әрбір азаматының өмір сүру сапасы жағдайы мен тиімділігіне тікелей байланысты салалар. Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қордаланған инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге, сонымен қатар жаңа тәсілдер, технологиялар мен реттеу үлгілерін енгізуге бағытталған. Бұл өз кезегінде өндірістік қуаттарды, инженерлік желілерді, салаларды цифрландыруды және қажет инвестицияларды тартуды қамтитын ауқымды трансформация, - деді Қ. Бозымбаев.
Аталған ұлттық жобаны Үкімет былтыр желтоқсанда бекіткен болатын.

Оның аясында энергетика, коммуналдық және генерациялық инфрақұрылымды жаңғырту және салу, бизнес-процестерді цифрландыру ескерілген.

- Алдын ала есептеулер бойынша Ұлттық жобаны бес және одан да ұзақ мерзімде жүзеге асыру үшін 13 трлн теңге қажет. Бұл қаражат 86 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеуге әрі жаңадан құрылысты жалғастыруға, сондай-ақ жалпы қуаты 7,3 ГВт қосымша генерация көздерін енгізуге керек. Бүгінде қаржы институттарынан ұзақ мерзімді несиені тарту үшін тиісті нормативтік-құқықтық база құрылды. Қазір ұлттық жобаны жүзеге асыру кезеңіне өттік. Биыл пилоттық режимде 48 табиғи монополия субъектісі бойынша шамамен 144 миллиард теңге инвестиция тартылып жатыр, - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Ұқсас материалдар