Қазақстанда азаматтарды цифрлық активтермен жасалған операциялардан түсетін табысқа жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден уақытша босату ұсынылды. Бұл бастама жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің кезекті отырысында әзірленген түзетулер пакетіне енгізілді.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады және цифрлық активтер қызметтерін көрсететін қазақстандық провайдерлер арқылы жасалған операциялардан алынған табысқа қатысты болады. Үкіметтің пікірінше, бұл шара цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандырып, нарықтың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар түзетулер пакетінде инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған бірқатар ұсыныстар бар. Атап айтқанда, инвестициялық басым келісімшарттар мен инвестициялар туралы келісімдер жасау тетігін қайта енгізу, сондай-ақ инвесторларға қажетті инфрақұрылымды өз қаражаты есебінен тартып, кейін жұмсалған шығындарды корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдер арқылы өтеу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.
Жаңа түзетулер пакетіне бұдан бөлек:
-
тауарларды таңбалауға кеткен шығындарға супер-шегерім енгізу;
-
мүгедектігі бар азаматтар үшін ЖТС бойынша шегерімдерді кеңейту;
-
жекелеген кірістерді әлеуметтік салықтан босатуды қайта енгізу;
-
факторинг пен форфейтингті ҚҚС-тан босату;
-
ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС тәртібін түзету;
-
жеміс шараптарына акциз енгізу сияқты бастамалар енгізілген.
Жалпы алғанда, жаңа пакетке 20 түзету кірді. Олар салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға, салық рәсімдерін жетілдіруге және жаңа Салық кодексін қолдану барысында анықталған мәселелерді шешуге бағытталған.
Үкіметтің мәліметінше, бірқатар бастама заң жобасы Құрылтай қарауына енгізілгенге дейін бизнес қауымдастығымен қосымша талқыланады.





