Бізге жазылыңыз:

Цифрландыру, роботтандыру және ЖИ енгізу: машина жасау саласындағы келесі қадамдар

Цифрландыру, роботтандыру және ЖИ енгізу: машина жасау саласындағы келесі қадамдар
Сектордың технологиялық деңгейі жоғарылайды. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында мәлімдеді. – Өнімнің технологиялық деңгейі – жаһандық бәсекелестік жағдайында негізгі факторлардың бірі. Шын мәнінде, бұл – цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу деген сөз. Аталған үдерістер Президент қойған ауқымды міндеттер аясында айрықша маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс, - деді О. Бектенов.Сонымен бірге зауыттарда жаңа технологияларды қолдану ауқымды трансформацияның негізгі элементіне айналады. 

– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өндірісте жасанды интеллектіні қолдану жабдықтарға техникалық қызмет көрсету шығындарын 40%-ға дейін төмендетеді, - деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда да мұндай табысты мысалдар бар. Мәселен, «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнында жасанды интеллект шығуы мүмкін ақауларды алдын ала болжап, конвейердің кенеттен тоқтап қалуына жол бермейді. Ал ERG тобында цифрлық ассистенттер мен талдамалық платформалар логистикадан бастап электр энергиясын тұтынуға дейінгі процестерді оңтайландырады. Соның нәтижесінде компания өткен жылы шамамен 55 млрд теңге үнемдеді. 

– Бұл ақылды технологиялардың нақты экономикалық пайда әкелетінін айқын көрсетеді. Енді ішінара автоматтандырудан келесі кезеңге өтіп, «ақылды зауыттарды» іске қосу жоспарланып отыр. Жобалау мен өнімнің сапасын басқару үшін жасанды интеллектіні пайдалану қажет. Бұл отандық өндірушілердің тек бәсекеге қабілетті болуын ғана емес, ұзақмерзімді перспективада жаһандық нарықтарда жаңа сапа стандарттарын қалыптастыруына мүмкіндік береді, - деді О. Бектенов.

Ұқсас материалдар