Бізге жазылыңыз:

Былтыр IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты — Олжас Бектенов

Былтыр IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты — Олжас Бектенов

Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасына инвесторларды тарту жұмысын жандандыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті. — Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткіздік. Осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерді жұмылдыру қажет. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030-шы жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады. IT-сала ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымның даму деңгейі маңызды рөл атқарады.

— Елімізде Alem.Cloud және AL Farabium — өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері орналасқан. Олар жаһандық TOP-500 рейтингіне кіреді. Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін суперкомпьютердің есептеу қуаттарын бөлуге қатысты өтініштер саны артты. Бұл қолданыстағы көлемдерді ұлғайту және осындай ресурстарды бөлудің икемді саясатын әзірлеу қажеттігін көрсетеді. Жасанды интеллект министрлігі есептеу қуатының шектеулі болуы тежеуші факторға айналып кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдау керек. Қазіргі таңда Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобаға инвесторларды тарту жұмысын жандандыру қажет. Жасанды интеллект министрлігі екі апта ішінде Қазақстан аумағында бұлтты провайдерлердің қызметін реттеу мен оның дамуын ынталандыруға арналған заңнамалық түзетулер әзірлеуге тиіс, — деді Үкімет басшысы.

Ұқсас материалдар