Бізге жазылыңыз:

Beeline Kazakhstan OLX Қазақстанды $81 млн-ға сатып алды

Beeline Kazakhstan OLX Қазақстанды $81 млн-ға сатып алды

Beeline Kazakhstan OLX KZ онлайн-хабарландыру платформасын басқаратын «OLX Group» ЖШС-нің 100% үлесін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады. Сатушы — нидерландтық OLX Global B.V. компаниясы. Бұл туралы халықаралық VEON тобы 2026 жылғы 6 қарашада хабарлады.

Осылайша, мәміленің тікелей сатып алушысы — VEON-ның еншілес компаниясы Beeline Kazakhstan. Сонымен қатар «Верный Капитал» тобы да сатып алуға қатысқанын мәлімдеп, OLX KZ-ні өзінің портфельдік компаниясы Beeline Kazakhstan арқылы сатып алғанын хабарлады. Топтың негізгі инвесторы Булат Өтемұратов. VEON дерегіне сәйкес, Beeline Kazakhstan халықаралық топтың бақылауындағы компания болып табылады, ал «Верный Капитал» оның басқа акционері саналады.

OLX KZ — Қазақстандағы ірі онлайн-хабарландыру платформаларының бірі. Сервис елдегі белсенді интернет аудиториясының 52%-дан астамын қамтиды және ай сайын шамамен 9 млн белсенді пайдаланушыға қызмет көрсетеді. Платформада тауарлар, қызметтер, жылжымайтын мүлік және автокөліктерді сату мен сатып алуға арналған хабарландырулар орналастырылады.

VEON мәліметінше, 2026 жылғы наурызда аяқталған қаржы жылында OLX KZ-нің жылдық түсімі $28 млн-нан сәл асты.

«Верный Капитал» тобының инвесторы Булат Өтемұратов OLX KZ-ні сатып алу бизнесті кеңейтумен қатар, күнделікті қолданылатын цифрлық сервистер инфрақұрылымына салынған инвестиция екенін атап өтті.

Оның айтуынша, хабарландыру платформалары тұтынушыларды, шағын бизнесті және жергілікті нарықтарды байланыстыру арқылы экономикада маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта платформаның негізгі артықшылықтарын сақтай отырып, оның ауқымын кеңейту және технологиялық мүмкіндіктерін күшейту жоспарланып отыр.

VEON цифрлық экожүйесінің жаңа бөлігі

Мәміле VEON компаниясының цифрлық операторға айналу стратегиясына сәйкес келеді. Топ телекоммуникациялық қызметтермен қатар қаржы, денсаулық сақтау, білім беру, ойын-сауық және бизнес салаларындағы цифрлық шешімдерді дамытуда.

Бұған дейін осы стратегия аясында VEON Украинадағы Uklon және Tabletki.ua сервистерін, сондай-ақ Пәкістандағы TPL Insurance сақтандыру компаниясын сатып алған.

VEON бас директоры Каан Терзиоглу OLX KZ платформасы топтың цифрлық экожүйесін Қазақстандағы жетекші хабарландыру сервисімен толықтыратынын атап өтті.

Beeline Kazakhstan басшысы Джаббор Каюмовтың айтуынша, компанияның телекоммуникациялық инфрақұрылымын OLX платформасының ауқымымен біріктіру миллиондаған қазақстандық үшін жаңа цифрлық мүмкіндіктер ашып, бизнестің ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.

Ал OLX KZ бас директоры Елена Ким Beeline экожүйесіне қосылу компания үшін дамудың жаңа кезеңін бастайтынын айтты. Жоспар бойынша маркетплейстің ауқымы кеңейтіліп, ол оператордың телекоммуникациялық және цифрлық қызметтерімен біріктіріледі. Бұл сатып алушылар мен сатушылар үшін платформаның мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.

Мәміле қалай дайындалды?

Beeline Kazakhstan OLX KZ-ні сатып алу ниеті туралы алғаш рет 2025 жылғы қазанда жариялаған болатын. Бастапқы келісім құны $75 млн деп бағаланған. Ал 2026 жылғы қарашада мәміле шамамен $6 млн көлеміндегі жабу түзетулерін ескере отырып, $81 млн сомасына аяқталды.

Мәміле тиісті реттеуші органдардың рұқсаттарын алғаннан кейін жабылды. Өтпелі кезеңде OLX Group бизнесті тапсыру туралы келісім аясында IT-қызметтер көрсетуді жалғастырады. Бұл платформаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, интеграция кезеңінде пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: bluescreen.kz

Ұқсас материалдар