Бізге жазылыңыз:

Балқашта жаңа мыс қорыту зауыты салынады

Балқашта жаңа мыс қорыту зауыты салынады

Қазақстан Үкіметі Қарағанды облысының Балқаш қаласында жаңа мыс қорыту зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жоба Мемлекет басшысының шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асады. Инвестициялар туралы келісім Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасында жасалды.

Жобаға салынатын жеке инвестиция көлемі 750 млрд теңгені құрайды. Зауыттың құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болады.

Жоба аясында 1 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауыт іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ын қазақстандық мамандар құрайды, оның ішінде басшылық құрам да бар. Ал бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 95%-ға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар инвестор Қарағанды облысының оқу орындарында 50 студентті даярлауды өз міндетіне алады.

Жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін елімізде мыс шикізатын қайта өңдеу көлемі 1,5 есеге артып, жылына 800 мың тоннадан асады. Ал қосылған құны жоғары өнім экспорты 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Зауыт заманауи технологиялармен және цифрлық шешімдермен жабдықталады, бұл өндірістің тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға өсті. Осы кезеңде елде 232 мың тонна катодты мыс өндірілді.

Катодты мыс – электр кабельдері мен жабдықтарын, құбырларды, құрылыс материалдарын, автокөлік бөлшектерін, сондай-ақ қола, жез және басқа да мыс қорытпаларын өндіруге пайдаланылатын қосылған құны жоғары негізгі шикізат.

Ұқсас материалдар