Бізге жазылыңыз:

Астанада халықаралық AI олимпиадасы басталды

Астанада халықаралық AI олимпиадасы басталды

Астанада жасанды интеллект бойынша үшінші халықаралық IOAI 2026 олимпиадасының ресми ашылу рәсімі өтті. Бір апта бойы Қазақстанның астанасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды мектеп оқушыларының, жетекші IT сарапшыларының және технологиялық компаниялар өкілдерінің бас қосатын халықаралық алаңына айналады.

Биылғы олимпиадаға 106 ел мен аумақтан 500-ге жуық қатысушы жиналып, бұл жарыстың тарихындағы ең ауқымды көрсеткішке айналды. Қатысушылар машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің өзге де бағыттары бойынша білімдері мен практикалық дағдыларын сынайды.

Олимпиаданың ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, IOAI халықаралық кеңесінің негізін қалаушы Елена Маринова және Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин қатысты.

Вице-премьер – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан үшін мұндай деңгейдегі халықаралық олимпиаданы өткізу – елдің технологиялық әлеуетінің айқын көрсеткіші.

«Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданы Астанада бұрын-соңды болмаған деңгейде өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Биыл елордамыз рекордтық 106 елдің өкілдерін қабылдап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект саласын дамытуға көрсетіп отырған қолдауы Қазақстанның технологиялық мемлекет ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біз талантты жастардың батыл идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді Жаслан Мәдиев.

Салтанатты рәсім аясында халықаралық технологиялық индустрияның танымал өкілдері де сөз сөйледі. Қатысушылармен тәжірибесімен Kaspi.kz тең құрылтайшысы әрі бас директоры Михаил Ломтадзе, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов, сондай-ақ Sinovation Ventures компаниясының төрағасы, Google China-ның бұрынғы президенті Кай-Фу Ли бөлісті. Олар жасанды интеллекттің даму қарқыны, жаңа буын инженерлерінің рөлі және болашақ технологиялары туралы пікірлерін ортаға салды.

IOAI 2026 бағдарламасына екі жеке жарыс кезеңі, командалық тапсырмалар, білім беру сессиялары, халықаралық пікірталастар және мәдени іс-шаралар енгізілген. Олимпиада 2–8 тамыз аралығында өтеді.

Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада алғаш рет 2024 жылы Болгарияның Бургас қаласында ұйымдастырылып, оған 32 ел қатысқан болатын. Екінші жарыс Бейжіңде өтіп, қатысушы елдердің саны 61-ге жетті. Ал биыл Қазақстан рекордтық көрсеткішпен үшінші олимпиаданы қабылдап отыр.

Қазақстандағы IOAI 2026 ұйымдастырушысы – Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы. Олимпиада ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Жобаның жаһандық серіктестері қатарында Google, Huawei, Jane Street, IMC, DeepInfra және басқа да халықаралық компаниялар бар. Ал жергілікті серіктестер ретінде Kaspi.kz, Freedom Holding Corp., Astana Hub, Documentolog және Higgsfield AI қолдау көрсетуде.

Ұқсас материалдар