Бізге жазылыңыз:

Алматының креативті индустриясының көлемі 672 млрд теңгеге жетті

Алматының креативті индустриясының көлемі 672 млрд теңгеге жетті

2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда креативті индустрия саласында 21,5 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Саланың жалпы қосылған құны 672 млрд теңгеге, ал салық түсімдері 49,4 млрд теңгеге жетті.

Креативті секторға негізгі капиталға салынған инвестициялар 4,5 есеге өсіп, 65 млрд теңгені құрады. Бұл сала музыка, кино, дизайн, сән, сәулет, медиа, цифрлық контент және іс-шаралар индустриясын қамтиды.

Сонымен қатар Алматыда мәдени инфрақұрылым да дамып келеді. 2025 жылғы қыркүйекте ауданы 10 мың шаршы метрден асатын Almaty Museum of Arts және «Целинный» заманауи мәдениет орталығы ашылды. Қалада халықаралық концерттер мен фестивальдер де өткізіледі.

Алда өтетін ірі іс-шаралардың бірі — THE ICONIC CREATOR AWARDS 2026 сыйлығы. Ол 11 қарашада Almaty Arena-да өтеді. Биыл алғаш рет сыйлық алаңы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның креативті индустрия өкілдерін біріктіреді.

Іс-шараға әртістер, режиссерлер, дизайнерлер, кәсіпкерлер, продюсерлер, сәулетшілер, сондай-ақ медиа және digital саласының өкілдері қатысады. Сыйлық 15 бағытты қамтиды: музыка мен кинодан бастап, ойын индустриясы мен креативті технологияларға дейін. Барлығы 109 марапат қарастырылған, оның 100-і негізгі және 9-ы арнайы номинация.

Алматыда ірі халықаралық іс-шаралар оқиғалы туризмді дамытудың маңызды құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Мұндай шаралар шетелдік қатысушылар мен қонақтарды тартып, Орталық Азияның креативті индустрия өкілдері арасында жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін қалыптастырады.

Ұқсас материалдар