Бізге жазылыңыз:

Алматыда Ұлттық ұланға арналған жаңа әскери қалашық салынып жатыр

Алматыда Ұлттық ұланға арналған жаңа әскери қалашық салынып жатыр

Алматының «Самғау» ықшам ауданында Ұлттық ұланның заманауи әскери қалашығы бой көтеруде. Ауқымды нысан шамамен 27 гектар аумақты қамтиды.

Құрылыс барысын Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков тексеріп, негізгі нысандардың салыну барысымен танысты.

Жаңа әскери қалашық толыққанды инфрақұрылымы бар кешен ретінде жоспарланған. Оның құрамында әскери қызметшілерге арналған әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер, әскери техникаға арналған тұрақтар және қажетті қоймалар болады.

Сонымен қатар аумақта қызметтік иттерді ұстау және үйретуге арналған кинологиялық қалашық салынады. Инженерлік нысандар мен қажетті коммуникациялар да қарастырылған.

Осылайша, жоба тек әскери бөлімдерді орналастыруға арналған нысан емес, әскери қызметшілердің тұруы мен қызмет атқаруына қажетті жағдай жасалған кешенді инфрақұрылым болады.

Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Жоба іске асқаннан кейін Ұлттық ұланның Алматыдағы материалдық-техникалық базасын нығайтып, әскери қызметшілер үшін заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар