Форум барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнестің құқығын қорғау мәселелері қаралды. Қала прокуратурасының мәліметінше, Алматыда проблемасы бар 75 кейс шешіліп, жалпы құны 1,6 трлн теңгеден асатын 194 инвестордың құқығы қорғалған. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
Комитет төрағасы Бауыржан Ералы тұрақты инвестициялық климаттың негізгі факторы – инвесторлардың заң үстемдігіне деген сенімі екенін айтты.
– Тұрақты инвестициялық климаттың негізі – бұл инвесторлардың өз құқығын қорғау жүйесіне және заң үстемдігі қағидатына деген сенімі, - деді Комитет төрағасы.
Ол Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылғанын атап өтті. Бас прокуратураның бұл құрылымы — жай ғана қағаз жүзіндегі қадағалау органы емес, бизнесті қорғаудың пәрменді құқықтық механизмі. Негізгі құралдардың қатарында «прокурор сүзгісі», инвестициялық жобалардың цифрлық мониторингі және оларды іске асырудың барлық кезеңінде құқықтық сүйемелдеу атап өтілді.
Бауыржан Ералының айтуынша, «прокурорлық сүзгі» механизмін енгізу бизнеске жасалатын негізсіз әкімшілік қысымды тоқтатуға, тексерулер мен сот дауларының санын азайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлер қауымдастығының сенімін арттыруға мүмкіндік берді.
– Инвесторға қатысты бірде-бір тексеру, айыппұл немесе талап арыз прокурормен келісілмейінше заңды күшіне ие болмайды. Бұл – адал бизнесті қорғаудың тиімді құралы, - деп атап өтті Бауыржан Ералы.
Цифрландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны енгізу аясында жобаларға онлайн-мониторинг жүргізіліп, тәуекелдер мен кедергілерді ерте кезеңде анықтауға жағдай жасалды. Болашақта проблемаларды болжау және алдын алу үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалану жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, төраға Комитет жанынан медиация орталығын құру жоспары туралы хабарлады. Жаңа алаң инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды сотқа дейінгі тәртіппен жедел реттеуге мүмкіндік береді.
Қала прокуроры Серік Кәріпбеков инвесторлардың құқықтарын қорғау және бизнес жүргізу үшін тұрақты жағдай қалыптастыру қадағалау органдары жұмысының басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылы 7 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тарту жоспарланғанын айтты. Жоғары қосылған құны бар, жаңа жұмыс орындарын ашатын және заманауи технологияларды енгізетін жобаларға беріледі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестицияларды қорғау механизмдерін жетілдіру және бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.





