Бізге жазылыңыз:

Алматы облысында инвестициялық штаб өңірдегі ірі жобаларды талқылады

Алматы облысында инвестициялық штаб өңірдегі ірі жобаларды талқылады

Алматы облысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың қатысуымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлар алдында туындайтын түйткілдерді жедел шешу мәселелерін талқылады.

Әлібек Қуантыров Алматы облысының агроөнеркәсіптік, индустриялық және көлік-логистикалық әлеуетіне тоқталып, өңірдің ел экономикасындағы стратегиялық рөлін атап өтті.

«Алматы облысы – еліміздің стратегиялық маңызы бар агроөнеркәсіптік, индустриялық және көлік-логистикалық өңірі әрі Қазақстан экономикасының негізгі өсу нүктелерінің бірі», – деді министрдің орынбасары.

Жұмыс сапары барысында ол өңірде жүзеге асып жатқан бірқатар ірі инвестициялық жобалармен танысты. Атап айтқанда, Carlsberg Central Asia, PepsiCo Central Asia, Asia United Steel кәсіпорындарын және LG Electronics пен Hi Air Korea компанияларымен бірлескен жобаны іске асырып жатқан Алматы желдеткіш зауытын аралады.

Кездесу қорытындысында инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту үшін инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығы айтылды.

Бүгінде Алматы облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны шамамен 8 трлн теңгені құрайтын 283 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 154 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Барлық жобалар Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа мен инвесторларды қолдаудың арнайы тетіктері арқылы сүйемелденіп келеді.

Ұқсас материалдар