Ақтөбе облысында өңірлік әуе қатынасын дамыту мақсатында L-410 ұшақтарын сатып алу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру мәселелері облыс әкімдігі мен Чехияның Omnipol Defence a.s. компаниясы арасында талқыланды.
Өңір әкімі Асхат Шахаров компания басшылығымен кездесуде әуе кемелерін жеткізу, ұшу және техникалық құрамды даярлау, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды құру мәселелерін қарастырды.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру тетіктері Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп пысықталуда.
«Біз облыста шағын авиацияны дамыту жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біз үшін әуе кемелерін жеткізу, мамандарды даярлау және қажетті инфрақұрылымды құру мәселелерін кезең-кезеңімен шешу маңызды. Бұл жобаны іс жүзінде жүзеге асырып, өңірлік әуе қатынасын жолға қоюға мүмкіндік береді», – деді Асхат Шахаров.
Әуежай инфрақұрылымы да дамытылады
Кездесуде өңірдегі әуежай инфрақұрылымын дамыту жоспарлары да айтылды. Атап айтқанда, Шалқар қаласында әуежай салу бойынша конкурстық рәсім басталған.
Omnipol өкілдері болашақ жобада ұшу және техникалық мамандарды даярлауға қатысуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар L-410 ұшақтарын пайдалануға қажетті жерүсті жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Omnipol Defence a.s. директорлар кеңесінің төрағасы Артем Мовсесян холдинг құрамында шағын және орта әуежайлардың инфрақұрылымына маманданған Omnipol Airports бағыты бар екенін атап өтті. Компания әуежайларға жарық сигналдық жабдықтар, әуе қозғалысын басқару жүйелері және навигациялық шешімдер ұсына алады.
L-410 Қазақстанда бұрыннан пайдаланылады
L-410 ұшақтары Қазақстан үшін жаңа техника емес. 2023 жылдан бері L-410 UVP-E20 үлгісіндегі екі әуе кемесі Ақтөбеде базаланып, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында пайдаланылады.
Бұдан бөлек, «Қазавиақұтқару» АҚ паркінде L-410 NG үлгісіндегі төрт ұшақ бар.
L-410 — 19 жолаушыға дейін тасымалдауға арналған турбовинтті ұшақ. Ол шағын және орта қашықтықтағы бағыттарға арналған және салыстырмалы түрде қысқа ұшу-қону жолақтары бар аэродромдарды пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұл ерекшеліктер ұшақты өңірлік әуе қатынасын дамытуда пайдалануға қолайлы етеді. Ақтөбе облысында жобаның іске асуы әуе көлігімен қатынауды кеңейтіп, шағын әуежайлар желісін дамытуға мүмкіндік беруі мүмкін.





