Аталған бастама Ақтөбе облысы әкімдігінің сұранысы бойынша «инвестицияға тапсырыс» тетігі шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Өңірдің ресурстық әлеуеті мен толыққанды өнеркәсіптік кластер қалыптастыру мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізілген жүйелі талдау нәтижесінде хром және химия-металлургия салалары өңірдің басым бағыттары ретінде айқындалды.
KAZAKH INVEST әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізіп, оның нәтижесінде Қазақстан делегациясының хром өңдеу саласындағы жаһандық нарықтың ірі ойыншыларының бірі – Sichuan YinHe Chemical Co. Ltd. компаниясының өндірістік алаңдарына сапары ұйымдастырылды.
Іссапар қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруға өзара мүдделілігін растады және тиісті келісімге қол қойды.
Жоба аясында жылына 200 мың тоннаға дейін өнім өндіретін, экологиялық таза әрі қалдықсыз озық технологияларды қолданатын өндірістік кешен салу жоспарланып отыр. Болжам бойынша, жыл сайын өндірілетін өнім көлемі 1 млрд АҚШ долларына жетеді, ал жекелеген өнім түрлерінің құны бір тоннасына 300 мың АҚШ долларына дейін баруы мүмкін. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 500 млн АҚШ доллары және 600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.





