Air Astana ұшақтарында интернетті 2026 жылдың қазан айында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұшу кезінде интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беретін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданған. Тиісті Президент Жарлығына маусым айында қол қойылған.
«Біз Air Astana компаниясымен бұл мәселені белсенді түрде пысықтап жатырмыз. Қазан айында интернеті бар алғашқы борттар пайда болады деп күтіп отырмыз. Мұнда екі стрим бар: Viasat компаниясы және OneWeb компаниясы», — деді Сейсембеков Үкіметтегі брифингте.
Wi-Fi желісіне қосылу құнын авиакомпанияның өзі анықтайды. Комитет басшысының айтуынша, Air Astana төлемнің түрлі нұсқаларын, соның ішінде қолданыстағы бонустық бағдарламалар мен адалдық жүйесін ескере отырып қарастырып жатыр.
Бұған дейін интернетті ҚТЖ жолаушылар пойыздарының негізгі бағыттарында да енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.
Сонымен қатар Қазақстанда автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Жалпы алғанда, шамамен 40 мың км автожолды байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған.
Дереккөз: kazinform





