Әуекомпаниясының мәліметінше, Қытайдың ірі қалаларына бағытталған маршруттық желісін кеңейту жалғасып жатыр.
Жаңа бағыт 2025 жылғы наурыздан бері аптасына бес рет орындалатын Алматы – Гуанчжоу рейстерін толықтырады. Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының орталығы саналатын Гуанчжоу – елдің ең ірі қалаларының бірі әрі маңызды өнеркәсіптік, сауда және көлік орталығы.
Астана-Гуанчжоу рейстері аптасына екі рет, сейсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Ұшақ Астанадан сағат 18:45-те ұшып шығып, Гуанчжоуға жергілікті уақыт бойынша 04:30-да қонады. Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 45 минут. Рейстерді Airbus A321LR әуе кемелері орындайды.
«Гуанчжоу бағытының ашылуы Air Astana-ның Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе байланысын ұзақ мерзімді дамуын көздейді. Бұл бағыттың негізі 2002 жылғы желтоқсанда Алматы мен Бейжің арасында орындалған алғашқы рейспен қаланған болатын», – делінген ақпаратта.
2026 жылғы жазғы маусымда Қытай бағыттарының басым бөлігінде, соның ішінде Алматыдан Үрімшіге, Гуанчжоуға, Шанхайға, Саньяға және Ининге, сондай-ақ Астанадан Бейжің мен Үрімшіге рейстер жиілігі арттырылады. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны аптасына 51-ге жетіп, әуе компаниясы тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетпек.





