«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2026 жылғы 1 қазаннан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржыландыруға өтінім қабылдауды бастайды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде белгіленген. Аграрлық несие корпорациясы ерте қаржыландыру тетігін алғаш рет 2024 жылдың соңында іске қосқан. Бұл механизм аграршыларға жаңа маусымға алдын ала дайындалып, қажетті ресурстарды сатып алуға, техниканы жөндеуге және алдағы шығындарды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясындағы қаржыландыру көлемі де артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Кең дала 2» бағдарламасы аясында, оның ішінде ерте қаржыландыру есебінен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 501,5 млрд теңге берілді.
Ал 2026 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша биылғы маусымға берілген қаржы көлемі 664,4 млрд теңгеге жетті.
Қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясының» филиалдық желесі арқылы тікелей қол жеткізуге болады.
Осылайша, 2027 жылғы егіс және егін жинау науқандарына қаржыландыруға өтінім қабылдау көктемгі жұмыстар басталғанға дейін бірнеше ай бұрын іске қосылады.





